Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен А. Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы Университетінде студенттерге арналған маңызды кездесу өтті.
Кездесудің басты тақырыбы – Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі болды. Жиын барысында энергетика саласының мамандары мен сарапшылар студенттерге АЭС-тің энергетикалық қауіпсіздікке қосатын үлесі, оның экологиялық және экономикалық артықшылықтары жайлы түсініктемелер берді.
Студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, АЭС-тің қауіпсіздігі, радиациялық тәуекелдер және оны салудың қоршаған ортаға әсері туралы сұхбат жүргізді. Сонымен қатар, кездесуде Қазақстандағы энергетикалық тәуелсіздік пен оның әлемдік нарықтағы рөлі де талқыланды.
Бұл кездесу АЭС салу мәселесіне қатысты жастардың пікірін тыңдап, олардың сұрақтарына жауап беру үшін маңызды платформаға айналды.
Жиын соңында, «Жастар ресурстық орталығының» психологі Сайдахан Жібек Мұратқызы бірнеше психологиялық жаттығулар жасап, жастардың ойларын сергітті. Кәсіби маман қоңыр күзде адам көңіл-күйінің түсіп, түрлі депрессия, стресс, ашушаңдық пен шаршаудан құтылуға көмектесетін техникаларымен бөлісті.