Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің “Дене шынықтыру және спорт” білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Талғат Орынбасар Душанбеде (Тәжікстан) өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Ол үшінші орынға таласта әзербайжандық Низами Имрановпен кездесті. Екеуара тартысты кездесу негізгі уақытта тең аяқталып, қосымша уақытта отандасымыз Талғат Орынбасардың еншісіне шешілді.
Талғат Орынбасар өзі қатысқан соңғы үш жылдағы әлем чемпионатының үшеуінде де қола жүлдеге қол жеткізді. 2022 жылы жасөспірімдер арасында, 2023 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан ол жарыс барысында барлығы 5 кездесу өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтады. Душанбеде дзюдодан жастар арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. 7 қазанға дейін жалғасқан әлем чемпионатына 67 елден 531 жас татами шебері қатысты. Университетіміздің чемпионы Талғат Орынбасарды даңқты жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!