Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті
МҰХТАР ШАХАНОВ БІЗДЕ ҚОНАҚТА
Бүгін Қазақстанның “Еңбек Ері”, халық ақыны, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов мерейлі 80 жасқа толуына орай, Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ұжымымен кездесу іс-шарасы болып өтті.
Түрік елінде бастау алған ақынның 80 жылдық мерей тойы туған жері Отырар өңірінде жалғасып, бүгін біздің оқу орнымызда өтуі біз үшін үлкен құрмет.
Жиынға қонақ болып келген елімізге белгілі жазушы, әдебиетші, ф.ғ.д., профессор Құлбек Ергөбек, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Қазбек Иса және бір қатар зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аталған іс-шарада алғашқы болып сөз алған университетіміздің ректоры м.ғ.д., профессор, Қуатбекова Рабиға Әбдімұсақызы халқының қиын – қыстау күндерінде қасынан табылған қазақтың маңдайына біткен бір туар азаматы, қашанда туралығын айтқан, дара қолтаңбасымен айшықталған М. Шахановты 80 жасқа толуымен құттықтады.
Өз кезегінде Р. Қуатбекова “Осындай құрметке кез келген тұлға ие бола алмайды. Мұхтар ағаның халқына, отанына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Санамалап айтсақ сан жетпейді. Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарды арашалап, олардың мүддесін қорғап қазақ жастарын жаладан ақтап шыққан өзіңіз. Қазақтың ұмыт қалған наурыз мерекесімен, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына аянбай еңбек еткен де өзіңіз. Сіздің шығармашалығыңыздың ерекшілігі – ұлттық мүддені көтеруіңізде” – деді.
Іс-шара соңында, жиынға қатысушылар ақынмен пікір алмасып, ұлт мүддесі, ұлттық рух, салт-дәстүр, тарихи таным мен ұлттық құндылықтар туралы кеңінен әңгіме өрбітті.