5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күнімен!

Бүгін, 5 қыркүйек Қазақстан Халқы тілдері мерекесі. 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданып, 1998 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде тойлана бастады. Сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. Алайда 20 жылдан соң атаулы датаның күні өзгеріп, 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен Тілдер күні «5 қыркүйекке»  ауыстырылды. Өйткені, 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сол себептен 2018 жылдан бастап маңызды датаның күні өзгеріп, 5 қыркүйекте  аталып өтілетін болды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Ал мемлекет құраушы ұлт –  қазақтардың үлесі 70%-дан асады. Сонымен қатар  қазақ тілін үйренуге ниетті өзге ұлт өкілдері баршылық. Республикада олар үшін 111 мемлекеттік орталық жұмыс істеп,  онда ересектерге қазақ тілі тегін оқытылады.Өз кезегінде, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлімізді еркін түрде меңгеру еліміздің әрбір азаматы үшін мол мүмкіндіктер ашады.

Әрине, еліміздің біртұтас көпмәдениетті символын айшықтайтын қазақстандық этностардың мәдениеті мен дәстүрлері сақталып, өсіп-өркендейді.  Президент Қ.К. Тоқаевтың: «Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. Біз бәріміз – бір отбасымыз. Біз – бір елдің перзенті, бір халықтың ұл-қызымыз! Ұлы даланың ұлан-ғайыр жерінде бәрімізге орын жетеді. Осы киелі мекенде бәріміздің де көздің қарашығындай сақтайтын және сол үшін еңбек етіп, өмір сүретін қастерлі дүниелеріміз бар», – деген сөздері осыған дәлел.

 

Scroll to Top
Scroll to Top