11.02.2025 жылы Шымкент қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Еңбек адамы – елдің байлығы» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Іс-шара барысында индустриалды аймақтардағы өндіріс орындары мен денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік, қаржы, мемлекеттік қызмет және қызмет көрсету салаларынан жұмыс берушілер өз ұсыныстарын жасады.
«Көрме» орталығында ұйымдастырылған шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, еңбекқор жұмысшылардың қоғамдағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл жәрмеңке – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Жұмысшы мамандықтары елдің дамуына серпін беретін басты факторлардың бірі, – деді Сәрсен Абайұлы.
Жәрмеңкеге қала тұрғындары, жоғары оқу орындарының түлектері мен мамандық таңдауға дайындалып жүрген мектеп бітірушілері қатысты.
Жоғарыда аталған іс-шараға Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің бітіруші курс білім алушылары және жұмыспен қамту бөлімінің мамандары қатысты. Іс-шарада білім алушылар өз мамандақтарына байланысты мәліметтер мен бос жұмыс орындарымен танысты. Университеттің жұмыспен қамту бөлімінің мамандары қатысушы мекемелерге университеттің білім беру бағдарламаларын, жетістіктерін, өз ерекшеліктерін таныстырды.
Сонымен қатар «Жол картасы бағдарламасы» бойынша «Жастар практикасын» біздің университетте өткізуге шақырды. Нәтижесінде педагогикалық мамандықтарға 16 жас маманды қабылдауға өтінім берілді.
Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-не алғысымызды білдіреміз.