Бүгін 12 сәуір Ғылым қызметкерлері күніне орай академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде “Білім саласы мен инженерия тенденциясы: компетенциясы, инновациясы және технологиясы” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Семинардың басты мақсаты – заманауи білім беру мен инженерия салаларындағы өзекті тенденциялар, кәсіби құзыреттер, ғылыми-инновациялық бағыттар және жаңа технологиялар төңірегінде тәжірибе алмасу, ғылыми ой-пікірлер алаңын қалыптастыру.
Іс-шараға, Польша, Украина, Канада, Болгария, Өзбекстан, Ресей, Түркия және т.б. елдердің жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары Zoom платформасы арқылы онлайн қатысып, баяндама жасап, униерситетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушы жастарына тақырыпты кеңінен насихаттап тәжірибе алмасты.
Семинар аясында білім мен ғылымды ұштастыру, жаһандық технологиялық өзгерістерге бейімделу, болашақ мамандардың кәсіби дайындығын жаңа деңгейге көтеру мәселелері кеңінен талқыланды. Баяндамалар барысында әр қатысушы өз саласы бойынша тың ғылыми көзқарастар мен заманауи тәжірибелерді ортаға салды.
Шара соңында, ғылым мен білім беру саласына ерекше үлес қосып жүрген университетіміздің профессор-оқытушылар құрамына Алғыс хаттар табысталды. Бұл – олардың ұзақ жылғы еңбегі мен ғылыми ізденістеріне көрсетілген шынайы құрметтің белгісі.
Аталған халықаралық семинар – университетіміздің ғылым саласындағы белсенділігін, халықаралық байланыстарын және беделін айшықтай түсті.