ДОСТЫҚПЕН БАСТАЛЫП ДАНАЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕГЕН 25 ЖЫЛДЫҚ ТҮЛЕКТЕР

2025 жылғы 26 маусым күні Шымкент қаласының ірі мәдени ошақтарының бірі – Түркістан сарайында Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің түлектеріне арналған «Достықпен басталып, даналыққа жетелеген 25 жыл» атты салтанатты диплом табыстау кеші жоғары деңгейде өтті.

Шараны ашып беріп, бітіруші түлектерге ақжол тілеп білімнің мәні мен мамандық иесі атанудың жауапкершілігіне тоқталып, жастарға жарқын болашақ пен үлкен өмір жолында сәттілік білдірдім.

Бұл тарихи кеш университеттің ширек ғасырлық белесіне арналды. 25 жыл ішінде 70 мыңнан астам түлекке сапалы білім мен саналы тәрбие берген оқу ордасының бұл мерейлі сәті – білім мен достыққа, ұстаз бен шәкірт байланысына құрылған ерекше іс-шара болды.

Салтанатты кешке, қалалық және облыстық басқармалар, мәслихат пен мемлекеттік құрылым өкілдері, білім саласының жетекшілері мен жоғары оқу орындарының басшылары, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдары, арнайы мәртебелі қонақтар, сондай-ақ, ата-аналар мен ардақты түлектер қатысты.

Биылғы жылы университетті 4633 бітіруші түлек әртүрлі мамандықтар бойынша аяқтап, үлкен өмірге қанат қаққалы отыр. Олар – еліміздің ертеңі, болашақта әр саланың көшін бастайтын, Отанымыздың тұтқасын ұстар білікті мамандар. Әр түлегімізге биік белестер мен толағай табыстар тілейміз!

Университетте қазіргі таңда 50 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Оның ішінде: 34 – бакалавриат

13 – магистратура

3 – докторантура бағдарламалары бар.

Салтанатты шара аясында еліміздің өнер жұлдыздары – эстрада әншісі Ернар Айдар, әнші-композитор Абзал Молдабеков, Gentelmen, Астана Қарғабай және өзге де белгілі өнерпаздар көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлап, концерттік бағдарлама ұсынды.

Университеттің заманауи 7 оқу ғимараты, жаңа IT-hub орталығы мен цифрлық алаңдары білім алушыларға жоғары деңгейдегі білім алуға барлық мүмкіндік береді. Сонымен қатар, университет жанынан ашылған «Next Step» инкубациялық орталығы – жас кәсіпкерлерге арналған қолдау алаңы.

Биылғы түлектер мен олардың ата-аналары, ұстаздар мен қонақтар ерекше әсерге бөленіп, алғыстарын жеткізді.

Барша бітіруші түлектерді шын жүректен құттықтаймыз! Жарқын болашаққа жолдарыңыз ашық болсын!

Scroll to Top
Scroll to Top