2026 жылдың 23 ақпаны күні Халықтар достығы университетінде Шарль Перроның әйгілі «Золушка» ертегісінің желісімен дайындалған ерекше фильм-спектакльдің тұсауы кесілді.
Бұл ауқымды мәдени шара Қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамының ұйымдастыруымен өтті. Қойылымға университеттің барлық білім беру бағдарламаларының 1-курс студенттері түгелдей атсалысты.
Шығармашылық жобаның басты мақсаты:
Қойылымды орыс тілінде сахналау арқылы студенттердің тілдік дағдыларын дамыту, пәнге деген қызығушылығын ояту және таңдаған мамандықтарына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Қойылым соңында бұл мақсаттың толық орындалғаны байқалды: білім алушылар орыс тілінде еркін сөйлеп, өздерінің сауаттылығы мен жоғары әртістік шеберліктерін көрсете білді.
Салтанатты марапаттау:
Кештің ең маңызды сәті — университет ректоры Р.Ә. Қуатбекованың қатысуы болды. Ректор ханым студенттердің өнеріне жоғары баға беріп, олардың білімге деген құштарлығын арттыру мақсатында:
Барлық қатысушы студенттерге арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыстады.
Жастардың шығармашылық ізденістеріне сәттілік тілеп, мұндай бастамалардың оқу процесіндегі маңыздылығын атап өтті.
Студенттер ертегі кейіпкерлерінің рөлін жоғары деңгейде сомдап, көрермендерге де, өздеріне де керемет көңіл-күй сыйлады. Театрландырылған қойылым университет қабырғасындағы алғашқы премьера емес, дегенмен басқа да қызықты қойылымдар күтеміз.
Университет баспасөз қызметі
