Ташкентте ІІІ Халықаралық «Алтын қанат» Арт агро бейнелеу өнері фестивалі өтті

Ташкентте ІІІ Халықаралық «Алтын қанат» Арт агро бейнелеу өнері фестивалі өтті.
2026 жылдың 27 сәуірі мен 7 мамыры аралығында Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті ұйымдастыруымен дәстүрлі ІІІ Халықаралық Арт агро «Алтын қанат» бейнелеу өнері фестивалі жоғары деңгейде өтті. Халықаралық өнер мерекесіне әлемнің бірнеше елдерінен суретшілер қатысып, өз шығармашылық туындыларын көпшілік назарына ұсынды.Фестиваль аясындағы іс-шаралар Өзбекстанның тарихи әрі мәдени маңызы зор Самарқанд, Бұхара және Ташкент қалаларында ұйымдастырылды. Фестивальдің негізгі ерекшелігі – ауыл шаруашылығы тақырыбын бейнелеу өнері арқылы насихаттау және аграрлық саланың көркемдік қырын таныту болды.
Аталған халықаралық фестивальге Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің «Сәулет және дизайн» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, доцент, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Асан Сүйерқұлұлы Байназаров қатысып, өз туындыларын таныстырды. Оның шығармалары көрермендер мен фестиваль қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, фестиваль барысында Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті мен Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті арасында өзара ынтымақтастықты нығайту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту, студенттер мен магистранттар арасында тәжірибе алмасу бағытындағы меморандум мен келісімшартқа қол қойылды. Аталған меморандум аясында тараптар алдағы уақытта ғылым, білім және шығармашылық салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ұзақ мерзімді серіктестік байланыс орнататын болады.

ru_RURussian
Прокрутить вверх
Пролистать наверх