Бүгін Қазақстан Республикасының басты ұлттық мерекелерінің бірі – Тәуелсіздік күніне арналған танымдық, мерекелік іс-шара өтті. Ерекше форматта өткен шараның модераторы Мажинбеков Сәкен Аралбайұлы жиынға қатысушыларды Желтоқсан оқиғасы жайындағы деректі фильм көруге шақырды. Сонымен бірге,білім алушылар мен профессор оқытушыларға арнайы кештің қонақтары «Желтоқсан Республикалық халықтық–отаншылдық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исабек Сәбит Қалдыкөзұлы Желтоқсан оқиғасының басты себептері, қатысушылары,бүгінгі күнге дейінгі жасалған жұмыстар жайында баяндады. Одан бөлек, кештің қатысушысы «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Оспанова Гүлмира Болатқызы жастарды жігерлендіріп, алға ұмтылуға, жақсы оқуға шақырды. Өз кезегінде, «Желтоқсан – 86 Тәуелсіздік таңы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары – Төлтебаева Асемгүл Ажмұханқызы жастарға өлең шумақтарын арнап, Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сонымен қатар, іс-шарада Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Күзенбаев Ерлан Миятбекұлы сөз сөйлеп, құрметті қонақтарға алғыс хаттар мен сый-сияпат табыс етті. Шара соңында университеттің Тәрбие және әлеуметтік істері жөнідегі проректоры Берік Садықов барлық қатысушыларға алғыс білдіріп,Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Желтоқсан қаһармандарының ерлігі – Тәуелсіздіктің тұғырлы негізі. Жастар Тәйуелсіздік үшін күрескен батырларын ешқашан ұмытпайды.
