2025 жылғы 18 желтоқсанда Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің «Ғылым» бөлімі мен «Филология» кафедрасының ұйымдастыруымен Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған
«Абай мұрасындағы “Толық адам” ілімі: дәстүр мен инновация сабақтастығы» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның ашылу салтанатында жиынды Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры Қуатбекова Рабиға Әбдімұсақызы ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, Абай мұрасының ұлттық руханият пен заманауи ғылымдағы маңыздылығына ерекше тоқталды.
Конференцияның модераторы – белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек Сәрсенұлы.
Конференция барысында Салқынбай Анаркүл Бекмырзақызы, Әліпхан Мақсат, Қалшабек Ақжол Батырұлы, Қожахметов Бектай, Мамыт Амангелді Алтыбайұлы, сондай-ақ Түркия Республикасынан Али Дашман, Өзбекстан Республикасынан Эргашева Дилрабо Алланазаровна, Қарақалпақстан Республикасынан Торткулбаева Турсынай Абдигазиевна, Нұрпейісов Нариман Жұмашұлы, Торғауытова Шолпан Әшірәліқызы сынды белгілі Абайтанушы ғалымдар мен зерттеушілер мазмұнды ғылыми баяндамалар жасады.
Конференция барысында отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдар Абайдың рухани-философиялық мұрасын, «Толық адам» ілімінің қазіргі қоғамдағы мәнін, ұлттық дүниетаным мен заманауи ғылыми ізденістермен сабақтастығын жан-жақты талқылады. Ғылыми баяндамалар мазмұндылығымен, өзектілігімен ерекшеленіп, пікір алмасу алаңына айналды.
Жиын қорытындысы бойынша Абай мұрасын терең зерделеу, абайтану бағытындағы ғылыми зерттеулерді жүйелеу және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту қажеттілігі атап өтілді.
