Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілдерімен кездесу өтті.
Іс-шараға:
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары, міндетін атқарушы Г. Рахметова,
№1 мамандандырылған ХҚК бөлім басшысының орынбасары Н. Байсейітов,
Тұран аудандық ХҚК бөлімінің бас маман-менторы А. Кобланова қатысты.
Кездесу барысында сала мамандары білім алушы жастарға мазмұнды баяндамалар жасап, жүргізуші куәлігін алу тәртібі, теориялық тестілеу мен көлік жүргізу (вождение) емтиханынан өту жолдары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар, бүгінгі қоғамдағы жасанды интеллекттің рөлі мен енгізіліп жатқан өзгерістерге де арнайы тоқталып өтті.
Шара соңында университет ректоры, м.ғ.д., профессор Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбекованың қатысуымен екі тарап арасында ынтымақтастық туралы екіжақты келісімшартқа қол қойылды.
Кездесу аясында Рабиға Әбдімұсақызы университеттің материалдық-техникалық базасын, білім беру бағдарламаларын және профессор-оқытушылар құрамын толыққанды слайд-презентация арқылы таныстырып, оқу орнының мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.
Бұл кездесу – жастарға кәсіби бағыт-бағдар беруге және тәжірибе мен білімді ұштастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
