Бүгін академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өтті.
Іс-шараның модераторы – университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Әбдімусақызы Қуатбекова болды.
Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студент жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің басты заңы болып саналатын жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер мен толықтырулардың мәнін кеңінен түсіндіру, құқықтық реформалардың қоғам дамуына ықпалын талқылау, сондай-ақ жастардың азаматтық белсенділігін арттыру болды.
Іс-шара барысында пікірталасқа қатысып, өз ойларымен бөліскендер:
– Еркінбек Тиянақбайұлы Жалбуров — заң ғылымдарының докторы, профессор;
– Қынатбек Бердәлиевич Кемелбеков — филология ғылымдарының кандидаты, доцент;
– Пирали Сейдалыұлы Жармұханбетов — құжаттамалық және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, заңгер.
Баяндамашылар құқықтық мемлекет құрудағы, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы конституциялық реформалардың маңыздылығына жан-жақты тоқталып, жаңа Конституция жобасын қолдаудың қажеттігін атап өтті.
Кездесу соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қорытынды сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасы елдің демократиялық дамуына және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталғанын айтып, қатысушыларды Негізгі заңды қолдауға шақырды.
Аталған кездесу қоғам мен жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, заңға деген құрметті қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар құжатты жан-жақты талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
