Әз-Наурыз – береке мен бірліктің мерекесі университетте кең көлемде аталып өтті

Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде көктемнің шуақты мерекесі – Әз-Наурыз кең көлемде, жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ерекше сән-салтанатымен атап өтілді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мерекелік шара студенттер мен оқытушылардың, сондай-ақ арнайы қонақтардың қатысуымен өтті.

Мереке аясында қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері сахналанып, көрермендерге тағылымы мол көріністер ұсынылды. Атап айтқанда, «қыз ұзату» дәстүрі арқылы қыз баланы құрметтеп шығарып салу рәсімі көрсетілсе, «беташар» көрінісінде келіннің жаңа отбасымен танысуы әсем әнмен өрнектелді. Сонымен қатар, «тұсау кесу» дәстүрі сахналанып, жас ұрпаққа ақ жол тілеу, олардың болашағына ізгі ниет білдіру мәні кеңінен түсіндірілді. Бұл көріністер көрермендерге ұлттық тәрбиенің маңызын ұғындырып, ерекше әсер қалдырды.

Мерекелік кештің шырайын елімізге танымал әнші, композитор Марат Ильясовтың өнері аша түсті. Ол өзінің танымал әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, университет студенттері мен бітіруші түлектері сахнада жарқын өнер көрсетті. Жастардың белсенділігі мен шығармашылығы кештің мазмұнын байытып, мерекеге ерекше серпін берді.

Шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысып, жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Олар өз сөздерінде Наурыз мерекесінің татулық пен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың символы екенін атап өтіп, баршаға ізгі тілектерін жеткізді.

Мерекелік бағдарламаның соңында ұлттық дәстүрге сай кең дастархан жайылып, қонақтарға наурыз көже ұсынылды. Бұл – молшылық пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың белгісі ретінде ұсынылған ерекше тағам. Қонақтар ұлттық дәмнен ауыз тиіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Осылайша, университет қабырғасында өткен Әз-Наурыз мерекесі ұлттық рухты жаңғыртып, жастарға салт-дәстүрдің маңызын насихаттай отырып, көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады.

ru_RURussian
Прокрутить вверх
Пролистать наверх