«Ауырмайтын жол ізде»: Дүниежүзілік денсаулық күні университетте сергек серпінмен өтті
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні аясында академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде денсаулықты нығайтуға бағытталған мазмұнды әрі пайдалы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бұл күні университет студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы оқу орнындағы медициналық пунктте профилактикалық тексеруден өтіп, өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Шараның басты ұстанымы – «Ауырмайтын жол ізде», яғни аурудың алдын алу арқылы сапалы өмір сүру мәдениетін қалыптастыру болды.
Тексеру барысында қатысушылардың қан қысымы өлшеніп, салмағы мен бойы анықталды. Сонымен қатар, БРТ биорезонанстық диагностика жүргізіліп, әрбір қатысушыға жеке кеңестер берілді. Медициналық қызметті психолог, медицина бекетінің меңгерушісі Қалшаткүл Кенжебекқызы жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырды.
Іс-шара дене белсенділігін арттыруға бағытталған жалпы жаттығулармен жалғасын тауып, қатысушылар сергіту жаттығуларына белсенді түрде қатысты. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын айқындай түсті.
Мұндай бастамалар ұжым арасында денсаулыққа деген жауапкершілікті арттырып қана қоймай, белсенді әрі сергек өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Университет алдағы уақытта да студенттер мен қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға бағытталған игі шараларды жалғастыра бермек.
