026 жылғы 21 сәуірде Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде 6В04210 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасының білім алушылары арасында «Жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу» тақырыбында маңызды семинар өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру болды.
Семинарға арнайы шақырылған қонақтар қатарында Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы Қ.А. Анарбаев, Адвокаттар алқасының жеке дара адвокаты А.С. Ибатов, ҚР ІІМ Б.Момышұлы оқу орталығының өкілдері М.С. Мекенбай мен А.Т. Маймақов, сондай-ақ ҚАЖ департаментінің қызметкерлері Қ.М. Қуралбаева мен Г.Т. Хайрулла болды.
Қонақтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты мысалдар арқылы заң бұзушылықтың салдары мен жауапкершілігін түсіндірді. Өз сөзінде судья Қ.А. Анарбаев жасөспірімдер арасындағы қылмыстың себептері мен салдарын талдап, оның алдын алудың тиімді жолдарын атап өтті. Сонымен қатар, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинар барысында студенттер белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салып, сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауына және қоғамда қауіпсіз орта құруға оң ықпал етеді.
