Қатысқандар: Жанысбеков Ә, Омарова Б.А, Раимбердиев Т.П., Нартбаев Ш.Ж, PhD докторы Бекбосынов Е, Байдалиева Э.А. Орынбасарова Г.Ж. , Игибаева А.М., Мирзаходжаев А.А., Көптік А.А., Сауран Э.С., Таджибаева З.С, . Парманашиева Г.С, «Филология және тілдер» кафедрасы, «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасы, «Жастар ұйымының» басшысы Дүйсеманова Ж., ОРМ161-21, РМ161-21, ОРМ161-22, РМ161-22 топ магстранттары мен студенттер
Қатыспағандар:
Қатысқандар: 104
Қатыспағандар: 4
Күн тәртібінде:
- Тарихи тұлға Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың ізгі жолы
- Д.Ахметұлы Қонаевтың өмір жолы мен қызметі
- Қазіргі таңдағы ұлы тұлғалардың жастарды тәрбиелеудегі рөлі
ТЫҢДАЛДЫ:
Ағымдағы жылдың 19 қазан күні Халқымыздың мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туған күніне арналған «Д.Қонаевтың 110 жылдығына арналған ұлы тұлғалардың кеші» атты тарихи семинар өткізілді.
Семинардың жұмысының мақсаты: Атамыздың өмірімен, еңбек жолымен, игі істерімен таныстыру және адамгершілік асыл қасиеттерін үлгі тұтуға тәрбиелеу
Көрнекілігі: суреттер, нақыл сөздер, слайд, сөрелерде кітап бұлақтары
Сөз алды;М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің PhD докторы Ермек Бекбосынов ; Д.А.Қонаевтың тұсында Қазақстан шетел мемлекеттерімен мəдени тұрғыда араласа бастады. 1955 жылы алғаш рет кеңестік Қазақстан тарихында Д.А.Қонаев Министрлер Кеңесін басқарып тұрған кезде, республикамыз алғаш рет халықаралық дəрежеде жоғары деңгейдегі мəртебелі қонақтарды қарсы алды: Алматыға Джавахарлал Неру қызымен бірге, кейінірек Бирма көсемі У Ну ресми сапармен келді. 1956 жылы Фурцева басқарған КСРО парламенттік делегациясының құрамында Англияға ресми сапармен барып қайтады. Делегацияны ІІ Елизавета ханшайым, Премьер- министр Иден мен ХХ ғасырдың белгілі саясаткері Уинстон Черчилль қабылдайды. Букингем сарайында алғаш рет Еуропа жұртына бейтаныс «Қазақстан» деген сөз естіледі.
1960 жылдың қаңтар-ақпан айларында кеңестік партия делегациясының құрамында АҚШ-қа барып қайтады. Сол сапарда көптеген кездесулер болады: БҰҰ, Нью-Йорк штатының губернаторы, АҚШ Жоғарғы Сотының төрағасымен, миллиардер Рокфеллермен ресми тұрғыда кездесіп қайтады. Кеңестік делегацияны АҚШ Президенті Эйзенхауэр ресми түрде қабылдайды. Əлемде ерекше өзгерістер пайда болып, орын алып жатқан сан түрлі оқиғаларға əдеттегі дəстүрден бөлек баға беру тұжырымдары орын ала бастайды.
Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың ел басқарған кезеңін 1955–1986 жылдармен есептейміз. Осы жылдарда Қазақстанның экономикасы 7 есе өсіпті. Мыңдаған елді мекендер пайда болған, 68 жұмысшы поселкесі, 43 қала салыныпты. Халықтың саны өсті, ол республика қуатының өркендеуіне қол жеткізді. Ол өзіне жақсы серіктерді, іскер басшыларды таңдай білген адам еді. Сол тұста қаншама іске мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарайтын қайраткерлер, білікті ұйымдастырушылар өсіп жетілді десеңізші! Бұл ретте талай жыл Димекеңмен тізе қосып, еңбек еткен Б.Əшімовтен бастап, Ж.Тəшеновтің, Н.Оңдасыновтың, М.Бейсебаевтың, С.Ниязбековтің, С.Имашевтің, А.Асқаровтың, тағы басқа талай қайраткерлердің атын атауымызға болар еді. Ал солардың қатарында тəуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың да болғаны бəріміз үшін мақтаныш. Нұрекеңнің басшылығымен республикамыздағы жақсы істер еселене түсті, Қазақстан əлем таныған беделді мемлекеттердің біріне айналды.
Заманымыздың заңғар тұлғасы Димаш Ахметұлы Қонаевтың халық үшін, еліміз үшін жасаған еңбегі кезінде жоғары бағаланды. Оған КСРО-дай алып державаның ең жоғары — Социалистік Еңбек Ері атағы үш рет берілді, ең жоғары ордені — Ленин орденімен 8 рет марапатталды. Оны бұрынғы тоталитарлық елдің наградалары деп кемсітудің еш қажеті жоқ. Бұл ұлы тұлғаның еңбегін бағалағандық қана емес, оны мойындау деп те қабылдаған жөн».
1953–1964 жылдар аралығындағы Н.С.Хрущев басқарған уақытта күтпеген өзгерістерге жəне асығыс тағайындауларға толы кезеңдер болды. Д.А.Қонаев Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің төрағасы қызметіне екі рет келіп, Республика Компартиясының Бірінші Хатшысы қызметін атқарады. Соңғы лауазымды қызметтен аймақтық мəселе бойынша партиялық диктатор көсемге наразылық білдіргені үшін босатылады.
«Дінмұхамед Ахметұлы — өз заманының перзенті болған, ірі тұлға, көрнекті қайраткер. Қонаев жоғары қызметке келген уақыттың аса күрделі, қайшылығы көп кезең болғанын білесіздер. Алайда, осындай қиындықтарға қарамастан, Қонаев елдің дамуы үшін қолынан келгенін жасады. Республикада құрылыс, өнеркəсіп, ауыл шаруашылығы салаларының дамуы ілгерілей түсті. Елсіз жерлерде жаңа қалалар мен елді мекендер пайда болды. Сонымен қатар Димекең ғылымның, өнер мен мəдениеттің қарыштап қанат жаюына өлшеусіз еңбек сіңірді. Алды кең, жаны жомарт парасатты жанның өнер адамдарына қолдау көрсеткеніне талай рет куə болдым. Димекең туған қаласы Алматы үшін де көп жақсылықтар жасады. Бұл тұрғыдан алғанда, Дінмұхамед Ахметұлы — айрықша ардақтауға лайықты қарымды қайраткер. Сондықтан, біз оны Тəуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы деп бағалауымыз керек», — деп Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев Д.А.Қонаевтың Қазақстан мен қазақ халқы тарихындағы рөлі мен мəнін жоғары бағалады
Дінмұхаммед Ахметұлы отыз жылдан астам уақыт ел басқарды. Ол 24 жыл Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, алты жылдан астам уақыт ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болды.
Басшылық қызмет атқарып жүрген кезде Дінмұхаммед Ахметұлы өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығының дамуына ат салысты. Әлеуметтік және экономикалық салаларымен қатар, ғылым, денсаулық, спорт және мәдениет аяларын назардан тыс қалдырмай, оларды дамыту мақсатында зор еңбек сіңірді.
Дінмұхаммед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.
Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды.
Дінмұхаммед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-цинк және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары, Жезқазған мен Балқаш таукен-металлургия комбинаттары, Ермаков пен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты.
Кемеңгер тұлға металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Жамбыл мен Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды. Біраз ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізді. Өз еңбектерінің халық шаруашылығына тигізер пайдасының зор екендігін іс жүзінде дәлелдеген еді. Өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, ол жас ғалымдарды қолдап, білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді.Қазақ өнерін жоғары бағалаған Дінмұхаммед Ахметұлы өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. Өнер ордалары салынып, мәдениет үйлері өз қызметін бастады.
Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдени ошақтар ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар салынды.
Сөз алды;т.ғ.к ,профессор Әшім Жанысбеков; Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан ашылды. Мектеп пен бала-бақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін айқара ашты. Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.
Елдің жан-жақты гүлденуіне септігін тигізген Дінмұхаммед Ахметұлы үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, сегіз рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, тағы басқа еліміздің және шетел мемлекеттерінің ордендері мен медальдарымен марапатталған.
Дара тұлға Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың салиқалы саясаты кезінде интернационалдық қарым-қатынас орнатылып, халықтар достастығы нығая түсті. Оның даналығы мен нақыл сөздері кез-келген салада жүрген талай жастың биіктен көруіне арқау болды. Атап айтсақ, ол әкімшіл-әміршіл жүйе заманында Олжас Сүлейменовтың «АЗиЯ» еңбегіндегі айтайын деген ойларына аса мән беріп, түрлі сын-жаладан арашалап қалды. Аты аңызға айналған тұлға Дінмұхаммед Ахметұлының өмірден өтсе де оның еңбектері бүгінде халық игіліне қызмет етіп отыр. Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Дінмұхаммед Ахметұлы қазақ елінің дамып, көркеюіне сүбелі үлес қосып, халық есінде кемеңгер тұлға ретінде мәңгілікке сақталады.
Халықтың ризашылығына бөленген қоғам қайраткері. Болашаққа ерекше үлгі болатын қайталанбас тұлға. Кісілікті еңбектен іздеген Дінмұхаммед Қонаев 1972, 1976 жылы және 1982 жылы үш мәрте Социолистік Еңбек Ері медалына ие болған. Еңбек Қызыл Ту ордені , Ленин орденімен марапатталған.
1960 жылы қаңтар -1962жылы желтоқсан және 1964 жылы желтоқсан 1986 жылы желтоқсан аралықтарында ел билігін өз тізгінінде ұстаған. Д.А.Қонаев мынадай жетістікке қол жеткізді. Қазақстанның Кеңес Одағындағы ролін нығайтты. Павлодар қаласын Хрущевгорд деп өзгертуден, Маңғыстау облысын Түркіменстанға беруден сақтап қалды. Өзбекстанға өтіп кеткен 3,5 мың га қазақ жерінің қомақты бөлігін қайтарып алуға қол жеткізді. Ақын О.Сүлейменовты «диссидент» жасауға тырысқан М.Сусловтың әрекетіне тосқауыл қоя білді. Қазақстан картасындағы Торғай, Жезғазған, Маңғыстау, Талдықорған сияқты жаңа облыстардың ашылуы осы кісінің еңбегімен тікелей байланысты. Оның тұсында қазақтың тұңғыш екі сериялы фильмі, он екі томдық энциоклопедиясы жарыққа шығып, Алматыда ғажайып архитектуралық ансамбльдер бой көтерді. Күрделі, қиын уақытта басшы болған бұл адамның қай істеде Қазақ елінің алдында сіңірген еңбегі толассыз. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1987 жылғы VIII, IX пленумдарында Д.А.Қонаевтың қателіктерін әшекерлеу науқанын жүргізуге «талпыныс» болды. Бірақ бұл әрекет сәтсіз аяқталды.
Д.А.Қонаев жоспарлы, әкімшіл-әміршіл жүйе тұсында елге билік жүргізсе де үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, реапубликаны тоқырауға ұрындырған жоқ.
Мысал ретінде көрсеткіштерді сараптап көрелік. Қазақстанның 1955 жыл мен 1985 жылдың аралығында, яғни 30 жыл ішінде 7 Қазақстанға өсіп, өркендеді. 43 жаңа қала өмірге келіп, облыс саны 19-ға жеткізілді. Ұлттық өнім 7 есе өсті. Электр энергиясын өндіру 14 миллиорд киловат сағаттан 85 миллиардқа, көмір өндіру 28 миллион тоннадан 136 миллион тоннаға жетті.
Тағы бір ең маңызды көрсеткіш, осы 30 жылдың ішінде қазақ халқының саны 2 миллион 700 мың адамнан 7 миллион адамға жетіп, таза өсімі екі еседен асып түсті. Бұдан шығатын қорытынды, мәселе-дамудың социолистік мазмұнын да емес, мәселе-қоғамдық және экономикалық қарым – қатынасты басқару жүйесінің іскерлігінде.
Өзі терең білімді, ғұлама ғалым болған соң осы салаға өте көп көңіл бөледі. Ол кісінің Республиканың Ғылым академиясын басқарған жылдардағы ерен еңбегін айтпауға болмас. Академияның материалдық-базасын нығайтуға, ғылыми зерттеу инстуттарының жаңа ғимараттары мен ғалымдарға арнап тұрғын үй салуға барлық күшін жұмсады.
Ал білім жүйесін жетілдіруде сіңірген еңбегі тіпті ерекше. Димекеңнің кезінде жоғары оқу орындарының саны 26-дан, 55-ке дейін, студенттер саны 70 мыңнан 275 мыңға дейін, институт мұғалімдерінің саны 9 мыңнан 22 мыңға дейін өсті. Барлық облыстарда мектепке мұғалімдер дайындайтын педагогикалық институттар ашылды. Өскеменде жол құрылысы, Рудныйда индустриалды – өндірістік, Целиноградта инженерлік-құрылыс, Қостанайда ауыл шаруашылығы, Алматыда энергетика, архитектура және құрылыс, темір жолдары, автомобиль жолдары институттары ашылды. Қарағандыда еліміздегі екінші мемлекеттік университет бой көтерді. Алматыдағы бірінші университетіміз-қара шаңырақ ҚазМУ-дің жаңа студенттер қалашығы пайда болды.
Сонымен Қазақстанның тарихы-Д.А.Қонаевтың өмірі, Д.А.Қонаевтың өмірі-Қазақстанның тарихы. Бірінен-бірін бөліп қарауға болмайтын дүние.
Дінмұхаммед Қонаевтың ел басқарған жылдары жетістікке толы. Кеңес одағындағы он бес республиканың ішінде Қазақстан Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды иеленді. Сонау 1955 жылы он үшінші орында тұрғаны мәлім. Осының өзі Димекеңнің ел экономикасын көтеріп, мәдениетті көркейту, халықтың тұрмысын жақсарту жолындағы мызғымас мығым қайрат-жігерін көрсетеді.
Алып тұлғалы қайраткер Д.Қонаевтың халқына, Отан Анасына сіңірген еңбегі Мәскеу тарапынан тиісінше бағаланып тұрды. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына лайықты деп танылса, сегіз рет Ленин, бір рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұл марапаттарды қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің қайтарымы деп қабылдап, халқына шексіз ризашылығын арнайтын. Осы жайында жазушы Ілияс Есенберлин: «Көрнекті адамдар өз елінің бағына не сорына туады» деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы елінің бағына туған адам және ол біздің әрқайсымыз үшін айрықша ыстық, – десе, Мұхтар Әуезовтің: “Мен бір жақсы адамдармен жекжат болған екенмін. Димаш, бұйырса, иісі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын!” – деген тұжырымын оқыған едім.
Әлем таныған Кеңестер одағы айрықша құрметтеген, Қазақстан халқының сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Қонаевтың биік тұғырдағы орнын аласарту әрекеті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен соң шұғыл қолға алынды. Мәскеудегі М.Горбачев, Қазақстанға тосын, суыт келген Г.Колбин және өз ішіміздегі кейбір жандайшаптар айтпаған сын, жаппаған жала қалмай бықсып кетті. Ал, әлгі сын айтушының сөзі өзінікі емес, М.Горбачев пен М.Лигачевтің айла-шарғысы екені байқалып тұрды. Қонаевты неғұрлым қатты сынасақ Мәскеу маңдайымыздан сипайды деген пысықайлар тыныштала қоймады. Осының бәрі Дінмұхамед Ахметұлының жанына тиіп, жүрегін сыздатты. Бәріне шыдап, сабырлылық танытқан ол өмірінің соңына дейін: «Қалың орманда биік қарағайдың басын ғана жел шайқайды, халқыма ешқандай өкпем жоқ» деп кетті.
Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Күннің нұрын, айдың ақ сәулесін алақанмен жабу мүмкін емес» дегеніндей, кейбір ірілі-ұсақты байбалам салушылар қанша тыраштанса да Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жарқын жүзіне көлеңке түсіре алмады. Өз заманының ғана емес, болашақтың кемеңгері екендігін әлемге паш еткен ұлы адам халқымен мәңгі өмір сүре бермекші.
Қазақстан 1955 жылы мемлекетке 7 миллион тонна астық тапсырса, бұл көрсеткіш кейін 27-30 миллион тоннаға жетті. Диқандардың мемлекетке 7 рет миллиард пұт астық тапсырғаны ұмытылмақ емес. Сондай-ақ, 1976-1987 жылдарды қамтыған 10 жылда елімізде жүздеген елді мекен, 68 жұмысшы кенті, 43 қала бой көтеріп, Қазақстан халқының шат-шадыман тіршілігі көрер көзді сүйсіндірді. 1916 жылы байтақ даламызда 18 364 мың қой болса, 1955 жылы оның саны 17 миллион шамасында екен. Ал, 1986 жылы Қазақстандағы қой саны 36 миллионнан, ірі қара 8 миллионнан артық болыпты.
Алматының сейсмикалық қауіпті жағдайына байланысты тұрғындар санын 1,5 миллионнан асырмау, сондықтан қала төңірегінде кішірек қалалар мен ауылдар санын арттыру жайлы сол жылдарда қозғала бастаған көрінеді. Ауаның ластанбауын осыдан 35-40 жыл бұрын ойластырып, қала сыртынан айналма жол салуды, ауыр жүк көліктерін ішке кіргізбеуді ұсынған Д. А. Қонаев екендігі де айтылып жүр.
Дінмұхаммед Ахметұлы әрқашан өз халқын өзінен жоғары санайтын даналығымен ерекшеленді. КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі ретінде АҚШ, Қытай, Алжир, Уругвай, Ирак, Үнді, Италия, Египет, Жапония, Болгария сияқты мемлекеттерге дипломатиялық сапармен барғанында туған халқын, кең-байтақ Қазақстанын мақтанышпен әңгімеге арқау ететін әдеті қалыптасқан. Бұл жайында аға буын қайраткерлер жиі айтатын.
«Астана — елдің көркі, сырттан келгендер соған қарап еліңді таниды», — дейтін Димаш Ахметұлы. Осы бір өміршең идеяның бүгінде жалғасын тапқанына біз барлығымыз куə болып отырмыз. Жаңа елордамыз — Астана қаласы əлемнің ең əдемі қаласы ретінде күннен күнге қарыштап көркейіп дамып келеді.
Д.А.Қонаетың замандасы əрі бірге қызмет атқарған мемлекет жəне қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев Ұлы тұлғаға былаша баға берген болатын: «Димаш Ахметұлы ұмытылмайтындардың, халықтың жүрегінде мəңгі қалатындардың қатарында. Ол аса парасатты да талантты басшы болды, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол өз заманының ұлы саясаткеріне айналды, халықтың мүддесімен өмір сүрді. Оған деген құрмет аса жоғары қызметте жүрген кезінде ғана емес, ол қызметтен кеткен соң да бəсеңдеген жоқ. Оның кен инженерінен бүкіл бір республиканың басшысына дейінгі өмір жолы, еңбекқор да аса жоғары зиялылық келбеті кез келген деңгейдегі басшы атаулыға үлгі-өнеге болғандай… Оның парасатты ойларының, атқарған қызметінің іздері еліміздің, халқымыздың мəдени-рухани өмірінде, экономикада сайрап жатыр. Ол ел басқарған кезде халқымыздың дəстүрлі шаруашылығы — мал шаруашылығы қарышты қадаммен дамыды. Астық өндіру бұрын болмаған биікке көтеріліп, миллиард пұттармен əлемге танылдық. Өнеркəсіп пен құрылыстағы жетістіктер де жұрттың көз алдында.
Жер жүзіне әйгілі болған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың тарихтың төрінен орын алатыны даусыз. «Қазағым», «елім» деп өмір сүрген тұлға Димекеңді халық қызмет етіп жүрген кезде де, дүниеден озғаннан кейін де сүйеді.
Д. А. Қонаевтың естеліктеріне шолу жасау
Қонаев күзетсіз жүретін…
Дінмұхамед Қонаев кішіпейіл басшы есебінде танылды. Ол ертеменен Коммунистік даңғыл мен Киров көшесінің (бүгінгі Абылайхан даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесінің) қиылысындағы үш қабатты үйден шығып, ылдидағы Үкімет үйіне қарай жайбарақат жұмысқа бара жататын. Қонаев сол үйде көп жылдар бойы тұрды, тіпті, Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы болған кезінде де, қаланың орталығында үш бөлмелі пәтері бола тұра әлгі үйде тұрды. Ал басқа үйге көшкенде Қонаев пәтерін өзінің кадрлық саясатын қатты сынап жүрген жазушы Әлжаппар Әбішевке сыйға тартып кетті. Мен де сол кезде Алматының орталығында тұрдым, менің де жұмысқа баратын жолым Коммунистік даңғылдың бойы еді. Анда-санда алдымнан жалғыз келе жатқан ұзын бойлы Қонаевтың сымбатты тұлғасын сыртынан көретінмін. Осыны айтсам, адамдар сенбейді: қалайша ол күзетсіз жүр деп. Расында да күзет қызметінің саны көбейтіліп, кім көрінген жанына күзет қаптатып жатқан уақытта мемлекеттің бірінші адамы жұмысқа жаяу және күзетсіз барады дегенге сену өте қиын. Министрлер кеңесінің төрағасы болғанда Қонаев академик атағы үшін өзіне төленетін 340 сом шамасындағы ақыдан бас тартқанын білеміз. Бұл ақшаны ол балалар мен жас ғалымдарға көмектесу мақсатында жұмсауға бұйырды. Осындай кішіпейілділік оның туа бітті қасиеті екені көзге көрініп тұрды және жұрттың оған деген сенімін күшейтті. Оның жеке басының байлық-дәулетке қызығушылығы байқалмады. Оның айналасындағы адамдардың арасында оны ұлықтаудан жарыс болған жоқ, есесіне олар оның көшбасшылық беделін қызғыштай қоритын, оның жетістіктеріне қылау түсірмеуге тырысатын.
Сөз алды: т.ғ.к., доцент Шымыр Нартбаев ; Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев 1912 ж 12 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. Анасы Зәуре қарапайым, еңбекқор адам болған. Әкесі Меңілахмет ақын кісі болған. Дінмұхаммед деп есімін атасы Жұмабай ақсақалдың өзі қойған. Қажылықтан қайтып келе жатқанында, параходтан қалып қойып, жолда көзі ілініп кетсе, әкесі Азынабай ақсақал қолына қосауыз мылтық ұстатыпты. «Апырмай, жаман болмаспын, елге аман жетеді екенмін, бұйыртса, бір ел сұрайтын ұл дүниеге келеді екен. Ұл дүниеге келсе атын Дінмұхаммед қоярмын» деп түсін жориды.
Жолын, Нұрмағамбет деген шешен аталары болған. Дінмұхаммедке шешендік осы кісілерден дарыса керек. Ал, Қонай атасы екі рет төсек жаңғыртқан. Жұмабай деген ұлы мен Бұлатай деген қызы дүниеге келген. Жұмабай мешіт салып, бала оқытқан, қажылыққа жаяу барып қайтқан кісі. Димекең туғанда Жұмабай төсек тартып жатыр екен. «Бала қырқынан шығарылды, бата берші» деп үлкен әжесі келгенде, « Маңдайың ашық, көзің танадай екен, жанарыңнан нұр көрдім. Сірә, елге би боларсың, елдің алақанында өтерсің. Алла, осы тілегім қабыл болсын!» – деп бата берген екен.
Дінмұхаммедтің бір апасы, жеті қарындасы болған. Біреуі сәби кезінде шетінеп кеткен көрінеді. Ал інісі Асқар екеуінің арасы 18 жас. Ал Дінмұхаммед өмірлік серігі Зуһрамен 50 жыл, 6 ай, 2 күнді бірге өткізіпті. Дінмұхаммед қызметтен кетіп, күнделікті газеттер жерден алып, жерге салып жатқанда, Зуһра: «Бір Алланың бары хақ, Димаш.Соған елу жыл серік болдым. Сенің кім екеніңді менен артық білетін ешкім жоқ. Адалдығыңа, тазалығыңа ертең-ақ елдің көзі жететін болады. Керуен көшеді, ит үреді», – депті.
Білім алуы, қызметі:
Дінмұхаммед Ахметұлы Алматыдағы №14 қазақ орта мектебінде білім алған. 1936 ж Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтын бітірген. 1936-1942 жылдарда Балқаш, Алтай, Риддер, Лениногор кен орындарында басшы қызмет атқарған. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңес Төрағасының орынбасары болды. 1952 ж сәуірде Қазақстан ҒА-ның презинденті болып сайланды. 1955-1960 жылдар және 1962-1964 жылдары
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы 1960-1962 және 1964-1986 жылдар Қазақстан КПОК-нің бірінші хатшысы болды. Д.Қонаев өмірінің 25 жылға жуығын Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды.
2019 жылы оның немерелері kunayev.kz ресми сайтын ашты, онда Дінмұхамед Қонаевтың өмірбаяны, құжаттары, баяндамалары мен мұрағаттық суреттері орналастырылған.
1992 жылдан бастап Алматыда «Халықаралық Қонаев қоры» жұмыс істейді.
2002 жылы Алматыда Төлебаев 117 мекенжайында Қонаевтың мұражай-үйі ашылды, ал 2003 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы, Ақши ауылындағы Қонаев өмірінің соңғы кезеңін өткізген үйге мемориалдық тақта орнатылды. Әлем таныған Кеңестер одағы айрықша құрметтеген, Қазақстан халқының сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Қонаевтың биік тұғырдағы орнын аласарту әрекеті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен соң шұғыл қолға алынды. Мәскеудегі М.Горбачев, Қазақстанға тосын, суыт келген Г.Колбин және өз ішіміздегі кейбір жандайшаптар айтпаған сын, жаппаған жала қалмай бықсып кетті. Ал, әлгі сын айтушының сөзі өзінікі емес, М.Горбачев пен М.Лигачевтің айла-шарғысы екені байқалып тұрды.
Қаулы: Қазақстан Республикасының мемлекеттігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан саяси жəне экономикалық реформаларға қолдау көрсету, қазақ халқының тарихи, мəдени жəне рухани мұрасын игеріп, оның өркендеуіне септігін тигізу әр азаматтың борышы. Қазақ халқы Ұлы тұлғасының есімін ешқашан есінен шығармау тиіс. Жастарға үлгі болатын ұлы тұлғалардың кештерін жиі өткізу саналы ұрпаққа жол ашудың бір түрі.