«Цифрлы экономика дәуіріндегі жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен сын-қатерлері» атты халықаралық конференция өтті

Бүгін Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Мутал Расулович Туртаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Цифрлы экономика дәуіріндегі жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен сын-қатерлері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өтті.

Конференцияның модераторы – ғылым және инновациялық жұмыстар жөніндегі проректор, ҚР ҰИА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Т.П. Раимбердиев болды. Іс-шара барысында университет президенті Нұрлан Әбдімұсаұлы мерейтой иесіне арнайы құттықтауын жолдап, марапаттау рәсімін өткізді.

Конференция аясында профессор М.Р. Туртаевтың өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, алдымен құттықтаулар мен марапаттауларға уақыт бөлініп, кейін ғылыми баяндамалар тыңдалып, талқыланды.

Халықаралық деңгейде өткен жиынға Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен шетелдік ғалымдар қатысып, өздерінің мазмұнды баяндамаларын ұсынды. Атап айтқанда:

– Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ PhD докторы Қаратаева Малика Сәкенқызы «Жасанды интеллектті білім беруде интеграциялау бағыттары» тақырыбында баяндама жасады;
– Қоқан мемлекеттік университетінің (Өзбекстан) э.ғ.д., профессор м.а. Бабаева Наргиза Музафаровна «Использование технологии искусственного интеллекта в стратегическом планировании бизнеса» тақырыбын ұсынды;
– Польша, Вроцлав қаласындағы Жоғары кәсіби білім беру мектебінің профессоры Януш Собонь «Искусственный интеллект в образовательных технологиях: опыт Европейского союза» тақырыбында онлайн форматта баяндама жасады;
– Түркиядағы Ақденгиз университетінің профессоры, э.ғ.д. Курманбаев Серик Кожанович «Цифрландыру және жасанды интеллект енгізу – Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы стратегиялық шешуші қадам» тақырыбында онлайн баяндама ұсынды.

Конференция барысында цифрлы экономика жағдайындағы жасанды интеллекттің рөлі, оны білім беру және бизнес салаларында тиімді пайдалану жолдары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, өзекті мәселелер бойынша пікір білдірді.

Аталған іс-шара ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын дамыту мен енгізудің жаңа бағыттарын айқындауға өз үлесін қосты.

ru_RURussian
Прокрутить вверх
Пролистать наверх