Армысың, әз Наурыз! мерекелік кеші жоғары деңгейде өтті

Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің екінші оқу ғимаратында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Армысың, әз Наурыз» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік кешке Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қожаназаров Айдарбек Асанұлы, Қуспеков Олжас Хайроллаевич, Қошмамбетов Айтуар Асқарович, сондай-ақ Шымкент қалалық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, университет президенті, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қуатбеков Нұрлан Әбдімұсаұлы, университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қуатбекова Рабиға Әбдімұсақызы және өзге де жоғары оқу орындарының басшылары құрметті қонақ болды.

Іс-шара барысында қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, Наурыз мейрамының маңыздылығын атап өтіп, жастарға ақжарма тілектерін жеткізді.

Мерекелік бағдарлама аясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шойынбаев Құрманбай Алтайұлы, белгілі өнер иелері Ильясов Марат, Айжан Тәженова және әнші-композитор Молдабеков Абзал өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, Отырар колледжінің студенттері қазақ биін орындап, жас өнерпаздар Адихан Дилмуратов пен Мәди Рахымберді халық әндерін шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш барысында Шымкент қаласындағы салт-дәстүр орталығының қызметкерлері ұлттық көрме ұйымдастырып, қазақ халқының маңызды ғұрыптарының бірі – тұсау кесу дәстүрін сахналық түрде көрсетті. Бұл көрініс көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Мерекелік іс-шара спорттық ойындармен жалғасын тапты. Онда университет түлектері мен депутаттар арасында арқан тарту сайысы ұйымдастырылып, оған университет ұжымы мен колледж студенттері белсене қатысты. Сонымен қатар, кір тасын көтеру, ләңгі тебу және қол күрес сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізілді.

Іс-шараға университеттің танымал түлектері де арнайы қатысты. Атап айтқанда, «Миллион» командасының мүшелері, «Дара брат» лақап атымен танымал Ұлықбек Жұбаев, сондай-ақ Жақсылық Жәкетау есімімен белгілі түлектер келіп, мерекенің сәнін арттырды.

Мерекелік кеш «Кесе биімен» қорытындыланып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Аталған іс-шара ұлттық бірлік пен татулықты нығайтып, Наурыз мейрамының рухани мәнін айқындай түсті.

ru_RURussian
Прокрутить вверх
Пролистать наверх