«Оңай ақша ма, әлде қылмыс па?» – университетте өзекті тақырып талқыланды

Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Заң мен тәртіп» аясында «Оңай ақша ма, әлде қылмыс па?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны тәрбие бөлімі мен Тарих, құқықтану және бизнес кафедрасы ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері белсенді қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Шара барысында құқықбұзушылықтың алдын алу, заңсыз жолмен табыс табудың салдары, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Жиынға арнайы шақырылған қонақтар – Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері А.А. Атантаев пен Ж.Ш. Қайназаров өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты мысалдар арқылы заң бұзушылықтың жауапкершілігін түсіндірді. Сонымен қатар, шара барысында дроперлік туралы кеңінен ақпарат беріліп, оның қауіптілігі мен құқықтық салдары жан-жақты түсіндірілді.

Дөңгелек үстел барысында тәрбие істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Б. Садықов сөз сөйлеп, білім алушыларды сақ болуға, заң талаптарын қатаң ұстануға шақырды. Шараның модераторы – кафедра меңгерушісі Қ. Кемелбеков болды.

Қатысушыларға тақырыпқа қатысты арнайы бейнероликтер көрсетіліп, нақты жағдайлар мысал ретінде ұсынылды. Кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарына мамандардан тұжырымды жауап алды. Бұл ашық диалог жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға оң ықпал етті.

Шара соңында қатысушылар мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, университет профессоры, заң ғылымдарының докторы Е.Т. Жалбуров арнайы келген қонақтарға университет атынан Алғыс хаттар табыстап, ұйымдастырушылар ризашылықтарын білдірді.

ru_RURussian
Прокрутить вверх
Пролистать наверх