Ғылымдағы цифрландыру – заманауи зерттеудің жаңа бағыты
12 сәуір – Ғылым күніне орай университетімізде «Ғылымдағы цифрландыру» тақырыбында ғылыми семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның басты мақсаты – ғылым мен білім беру саласындағы цифрлық технологиялардың рөлін арттыру, заманауи зерттеу әдістерін талқылау және тәжірибе алмасу болды.
Семинар барысында оқытушылар, жас ғалымдар мен білім алушылар ғылымдағы цифрландыру үдерісінің өзекті мәселелерін көтеріп, жасанды интеллект, деректерді өңдеу, цифрлық білім беру ресурстары сияқты бағыттар бойынша мазмұнды баяндамалар жасады. Қатысушылар цифрлық технологиялардың ғылыми зерттеулердің сапасы мен тиімділігін арттырудағы маңызын атап өтті.
Іс-шара аясында қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, ғылым мен білімнің интеграциясын дамыту, инновациялық жобаларды қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
Семинар қорытындысында ғылымдағы цифрландыруды дамыту, жаңа технологияларды оқу үдерісіне енгізу және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыру бағытында нақты ұсыныстар жасалды.
