Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Білім беру мен еңбек нарығының интеграциясы: нысаналы даярлау мен жұмысқа орналастырудың жаңа бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны университеттің «Сәулет және дизайн» кафедрасы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейту, жұмыс берушілердің сұранысына сай мамандар даярлаудың тиімді тетіктерін талқылау, сондай-ақ түлектерді мақсатты даярлау, өндірістік тәжірибені жетілдіру және дуалды оқыту жүйесін кеңейту болды.
Іс-шараға жұмыс беруші ұйымдардың өкілдері, университеттің басқару құрамы және «Сәулет және дизайн» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Атап айтқанда, ЖШС «Төл құрылыс», ЖШС «СЭТПромтех», ЖШС «Конструктор-80», ЖШС «Модерн Проект», ЖШС «Sunkar Building», ЖШС «Арт Стиль», ЖШС «Бал Текстиль» және «Қазақстан суретшілер одағы» Түркістан облыстық филиалының өкілдері белсенді қатысып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Дөңгелек үстел барысында «Сәулет және дизайн» кафедрасының меңгерушісі Медеуов А.Т. «Кафедраның жұмысы туралы» және «Мемлекеттік грантта оқитын студентті жұмыс берушімен бірлесіп даярлау жүйесі» тақырыптарында баяндама жасады. Презентацияларда кафедраның оқу-әдістемелік және ғылыми қызметі, сондай-ақ жұмыс берушілермен бірлескен даярлау тетіктері жан-жақты таныстырылды.
Іс-шара аясында 6В07310 – «Сәулет», 6В07320 – «Құрылыс» және 6В02110 – «Дизайн» білім беру бағдарламалары талқыланып, олардың мазмұнын еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру мәселелері қарастырылды.
Пікірталас барысында қатысушылар мамандар даярлау сапасын арттырудың нақты жолдарын атап өтті. Атап айтқанда, білім беру үдерісіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу, техникалық және кәсіби пәндердің үлесін арттыру, өндірістік тәжірибе мен дуалды оқыту сағаттарын көбейту, сондай-ақ студенттердің практикалық дағдыларын ерте кезеңнен қалыптастыру қажеттілігі ерекше айтылды.
Ұсынылған «Мемлекеттік грантта оқитын студентті жұмыс берушімен бірлесіп даярлау жүйесі» қатысушылар тарапынан кең қолдау тапты. Бұл модель студенттерді еңбек нарығына бейімдеуге, жұмыс берушілердің оқу үдерісіне белсенді қатысуына және түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесін алдын ала шешуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша университет пен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті күшейту, нысаналы даярлау жүйесін дамыту, өндірістік тәжірибе мен дуалды оқытуды кеңейту, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағытында нақты шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, тараптар арасында өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында тиісті келісімшарттар жасау жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Аталған іс-шара білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге, болашақ мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға және олардың табысты жұмысқа орналасуына бағытталған маңызды қадам болды.
