«Ғылым күніне» арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

12 сәуір — Ғылым күніне орай Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРІ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өтті.

Аталған ғылыми жиын жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарына қолдау көрсету, өзекті ғылыми мәселелерді талқылау және ғылымның даму бағыттарын айқындау мақсатында өткізілді. Конференцияға еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар, жас зерттеушілер мен оқытушылар қатысты.

Іс-шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатарында техника ғылымдарының докторы, ҚР ҰИА академигі, Оңтүстік аймақ бойынша вице-президент Куртаев Алимжан Сейтжанұлы, Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Жүзбай Қырғызбаев, сондай-ақ к.т.н., доцент Тағаев Нұрлыбек, Абдрахманов Құрбанқожа, Ибрагим Қайрат Әменұлы секілді белгілі ғалымдар болды.

Конференция барысында қатысушылар ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, заманауи ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті. Сонымен қатар, жас ғалымдар өздерінің ғылыми баяндамаларын ұсынып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Халықаралық деңгейде өткен жиынға Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстанның бірқатар жетекші жоғары оқу орындарынан келген жас оқытушылар мен зерттеушілер қатысып, өз ғылыми жұмыстарын таныстырды. Бұл өз кезегінде ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық тәжірибе алмасуға жол ашты.

Конференция қорытындысы бойынша ғылымды дамыту, жас зерттеушілерді қолдау және халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту бағытында маңызды ұсыныстар мен тұжырымдар жасалды.

Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде өткен бұл маңызды ғылыми шара ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған тиімді алаңға айналып, жас ғалымдардың әлеуетін арттыруға зор үлес қосты.

ru_RURussian
Прокрутить вверх
Пролистать наверх