ФИЛОЛОГ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТТАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

2025 жылдың 24 қарашасы күні Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті мен Термез мемлекеттік университеті бірлесе отырып, «Жасанды интеллект және сандық технологиялар негізінде электрондық оқу құралдарын пайдалана отырып, филолог мамандарын даярлау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Халықаралық деңгейдегі бұл маңызды шараға Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, педагогтері, жас зерттеушілері және білім беру саласындағы цифрлық технология мамандары қатысты.

Конференция барысында заманауи білім беру үдерісінде жасанды интеллекттің маңызы, электрондық оқулықтардың жаңа форматы, цифрлық лингводидактиканың даму бағыттары, тіл үйретудегі инновациялық әдістер туралы мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Қатысушылар филолог мамандарын даярлаудағы жаңа трендтерді талқылап, тәжірибе алмасып, өзекті ғылыми пікірлерімен бөлісті.

Іс-шараның басты нәтижесі – екі университет арасындағы ғылыми-академиялық байланысты нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және жасанды интеллектке негізделген оқу ресурстарын дамытуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге келісім жасалды.

Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті болашақ филологтарды оқытудағы жаңашылдықты қолдай отырып, цифрлық білім беруді дамыту бағытында ғылыми серіктестікті жалғастыра бермек.

ru_RURussian
Прокрутить вверх
Пролистать наверх