Желтоқсан оқиғасы- жаңа тарихи сананы қалыптастырудағы маңызы

Қатысқандар: Исабек С. «Желтоқсан халықтық отаншылдық қозғалысының» төрағасы, Жанысбеков Ә, Омарова Б.А, Раимбердиев Т.П., Нартбаев Ш.Ж, т.ғ.д., Найманбаев Б, Мустафаев Б.  «Жас пионер» үйінің директоры, Байдалиева Э.А., т.ғ.к., Жақаш Д, ф.ғ.к., Кемельбеков Қ., Мирзаходжаев А.А.,  Көптік А.А., Сауран Э.С., Таджибаева З.С., Парманашиева Г.С, «Филология және тілдер» кафедрасы, «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасы, Ғылыми істері жөніндегі проректор м.ғ.к., доцент Ақылбаев М., ОРМ161-21, РМ161-21, ОРМ161-22, РМ161-22 топ магстранттары мен студенттер

Қатысқандар: 65

Күн тәртібінде:

  1. Желтоқсан оқиғасы- жаңа тарихи сананы қалыптастырудағы маңызы
  2. Исабек С. «Желтоқсан халықтық отаншылдық қозғалысы» төрағасының баяндамасы
  3. т.ғ.к., доцент Нартбаев Шымырбайдың Тарих – бір шежіре ізімен атты монографиясының тұсау кесеры

ТЫҢДАЛДЫ:

Ағымдағы жылдың 2- ші желтоқсан күні Желтоқсан оқиғасы- жаңа тарихи сананы қалыптастырудағы маңызы атты тарихи ғылыми- семинар  өткізілді.

Семинардың жұмысының мақсаты: Желтоқсан оқиғасын көтеріліске айналдырып негізгі маңыздылығын көрсету, оқиғамен жастарды таныстыру және адамгершілік асыл қасиеттерін үлгі тұтуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: суреттер, нақыл сөздер, слайд, сөрелерде кітап бұлақтары

Сөз алды;

«Желтоқсан халықтық отаншылдық қозғалысының» төрағасы Исабек Сәбит сөз алды: Қазақстан өз тәуелсіздігіне ұзақ та, қиын-қыстау күрес жолдарынан өту арқылы қол жеткізді. Осы күресте 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының алатын орыны ерекше. Ол қазақтың қаншалықты қажыр-қайратты, төзімділігі бар екенін көрсетті. Жазаға тартылған 99-дың 76-сы ерлер де, ал қалған 23-і қыз-келіншектер болған. Осы ел намысын қорғап, ел болашағын ойлап, ерлігімен көзге түскен 23-тің атынан Ләззат туралы айтқым келеді. Чайковский атындағы училищенің студенті-Ләззат танкімен тапталып өлтірілген. Оған көптеген ақын жазушылар жыр арнады. Желтоқсан оқиғасы туралы режиссер Қалдыбай Әсенов түсірген ”Аллажар” фильмінің басты кейіпкері де – Ләззат.

Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-хатшысы Г.В. Колбинді ҚКОК-нің 1-хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды.

Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде “Желтоқсан. 1986. Алматы.” (құрастырылған Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), “Желтоқсан құрбандарын жоқтау”, “Ер намысы — ел намысы” жинақтары, К.Тәбейдің “Мұзда жанған алау”, Т.Бейісқұловтың “Желтоқсан ызғары” кітаптары мен “Желтоқсан” (бас редакторы Х.Қожа-Ахмет) газеті жарық көрді, “Аллажар” (1991, реж. Т.Теменов), “Қызғыш құс” кинофильмдері түсірілді.

Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 ж. жазда КОКП Ок қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді. Осы күнге дейін мемлекет желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын жоғарлатуға зор үлес қосып келеді. Көтерілісінің құпиялары толығымен ашылған жоқ.

Сөз алды:

т.ғ.д., Найманбаев Б. : 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын — 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. 18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.

Желтоқсанның 19 — 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.

Сөз алды :

Мустафаев Б.  «Жас пионер» үйінің директоры : 1988-89 жылы фильмді бастағанда «маған ешкім кедергі жасамағанда, әлі де болса көптеген ақиқатты жарыққа шығарар ма едім?» деп ойлаймын кейде. Алаңда, алаңнан тыс жерлерде 2000-нан астам шейіт болған жастарымыздың денелерін толық еркіндігіміз болғанда, бәлкім, біз табар ма едік. Ақиқаттың көбі оқиғадан кейін-ақ жойылды. Мен фильмді Желтоқсан оқиғасына қатысқан, түрменің азабын шегіп келген уыз­дай жастарымыздың айтқан әңгімелері, бойынша түсірдім. Қазақтың ұл-қыздарын шырылдата сабап жатқан жерлерін өздерінің айтуларымен жасадым. Толқуды да оқиғаның бел ортасында болған балалардың әңгімесінен алдым. Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қас-қағым уақыт тәрізді, қанды жол, ауыр күндермен келген Тәуелсіздігімізге – 29 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 34 жыл. Жыл сайын, 16-шы желтоқсан күні – біз бүкіл ел болып, тәуелсіздік күнін, сән-салтанатты іс-шарамен, мерекелік кештермен атап өтеміз. Алайда, 1986 жыл дәл осы 16-шы желтоқсанда қаншама жүрегі қазақ деп соққан бауырларымыздан айырылған күн екендігінде ұмытпағанымыз жөн. Бүгінгі күні, дәл сол мерекелік көңіл-күйдің әсерінен  1986 жылғы  қаралы күн жадымыздан өшіріліп келе жатқандай. Әрбір жүрегі қазақ деп соққан адамға белгілі ғой, қазақ еліне Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Ал бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жаншысының бірегейі  осы – Желтоқсан оқиғасы емес пе? Дәл осы жел­тоқсанда империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қазіргі тәуелсіздігімізге қол жеткізіп отырмыз. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс.

1986 жылы 16 желтоқсан күні небәрі 18 минутта өткен  Қазақстан КП Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ  Г.Колбин тағайындалды. Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген және есімі де елге белгісіз Геннадий Колбиннің тағайындалуы көтерілістің негізгі себебі болса да, көтеріліске шығудың басқа да, бірнеше себептері бар еді. Атап айтсақ намысты қазақ жастарымыз, ұлттық даму деңгейінің тежелуіне,  кеңестік салттың кеңінен дәріптелуіне, әміршіл-әкімшіл жүйенің күштеп басқаруына шыдай алмады. Болып жатқан окиғалардың әсері, қазақ жастарының козғалыс ашуына түрткі болды.

Ертесіне 17 желтоқсан күні сол кездегі Брежнев алаңына, лек-легімен ағылған қазақ жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына өз наразылықтарын білдірген еді. «Қазақстанға  қазақ басшы!», «Әр халыққа-өз көсемі деген ұрандармен,  «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шыққан еді. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды  ашық түрде талап етті. Жастардың барлығы өздерін толғандырып жүрген мәселелерді сол сәтте айтып қалуға тырысты. Алайда, жастар шеруі құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан алшақ еді. Тек лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауы, әр ұлтқа өз басшысын қою керек деген сөз жазылған тақтайлар ұстап жүрді. Бірақ 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Брежнев алаңындағы қазақ жастарының толқуы қанды оқиғаға айналарын ешбір қазақ білмеді. Өкініштісі, жүректері қазақ деп соққан батыр ұл-қыздарымызға «Ұлтшыл» деген кінә тағылды. Алаңдағы жастарды тоқтату үшін жастарға қарсы «Бұрқасын-86» жоспары бойынша іс-шаралар жасалынды. Жастарға көрсетілген азаптарды елестетсек, көзімізге жас келетіні анық. Жастарға өрт сөндіру машиналарымен суық сумен атқылап қана қоймай, оларға қарсы арнайы дайындықтан өткен иттерді салып қойған. Сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойылдар т.б. қарулар көмегімен басшылық демонстрацияны тоқтатып тынды. Қоғамдық тәртіп сақшылары өте үлкен өрескел қатыгездікке барды. Шеруге қатысқандарды тергеу ісі мүлде қатал, әрі заңсыз жүргізілген еді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендердің саны 8,5 мың болды. Көптеген жастар оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды. Оқу орнынан 271 студент қуылса, 787 адам комсомолдан шығарылды. Қазақ жастары  жазықсыздан-жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды.

Қаулы: 1986 жылы 17 — 18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан саяси жəне экономикалық реформаларға қолдау көрсету, қазақ халқының тарихи, мəдени жəне рухани мұрасын игеріп, оның өркендеуіне септігін тигізу әр азаматтың борышы. Желтоқсан оқиғасының маңыздылығын ескере отырып көтеріліске ұласқан үлкен оқиғаның Жастарға үлгі болатын батылдықты  саналы ұрпаққа жол ашудың бір түрі.

Scroll to Top